Білім беру саласы: Таным
Бөлімі: Математика негіздері, ортаңғы топ
Тақырыбы: «Заттарды салыстыру»
Мақсаты: заттарды көлеміне, мөлшеріне, биіктігіне,ұзындығына қарай салыстыруды бекіту. «Аз-көп», «Ұзын-қысқа», «Жуан-жіңішке», «Биік-аласа» ұғымдарын қаншалықты меңгергендерін анықтау. Оқу қызметіне қызығушылықтарын ояту арқылы балалардың ойлау, байқағыштық қасиеттерін дамыту. Жинақылыққа, ұқыптылыққа тәрбиелеу.
Әдіс -тәсілдер: видео-сабақ, ойын, сұрақ-жауап
Көрнекі құралдар: карточкалар, үлестірмелі материалдар, әр түрлі өлшемдегі жолақшалар, смайликтер.
Барысы:
-Сәлеметсіңдер ме, балалар! Көңіл-күйлерің қалай? Қазір бізде математика негіздері оқу қызметі. Балалар, сендер мультфильм көргенді ұнатасыңдар ма? Ендеше, мен сендерге бүгінгі біздің оқу қызметіміз ерекше болуы үшін видео-сабақ дайындадым, яғни сендермен мультфильм көреміз. Ол үшін орнымызға барып жайғасайық, экранға назар салайық.
1-видео көрсетіледі
Күн: «Сәлем, менің кішкентай көрермендерім!Мен-күннің көзімін. Біз бүгін менің кішкентай досым-Феямен сендерге сұрақтар қоямыз, ал сендер оларға жауап беруге тырысыңдар. Дайын болсаңдар, кеттік»
1-тапсырма: «Жуан-жіңішке»
Мынау-қоян. Қоянның екі сәбізі бар. Саусағыңмен көрсетші, қай сәбіз жуан, қайсысы жіңішке? (карточкамен жұмыс)
Тәрбиеші: Ал енді, сендердің алдарыңда екі түрлі сәбіз жатыр, сол сәбіздердің көлемін жолақшалардың көмегімен анықтаймыз. Ол үшін екі түрлі жолақшаны тиісті сәбізге орналастырамыз. Қай сәбіз жуан болды? Қайсысы жіңішке? Ал, дұрыс жауапты экраннан білейік.
-Дұрыс айтасыңдар, мына сәбіз жуан. Қане, көрейік.Мынау-мына сәбіздің жуандығы, ал мынау-екінші сәбіздің жуандығы. Біз нені көріп тұрмыз, сол жақтағы сәбіз жуан, оң жақтағы сәбіз-жіңішке. Жарайсыңдар!
2-видео
2-тапсырма «Үлкен-кіші»
Күн: «Мынау сары түсті алма, ал мынау-қызыл түсті алма. Сұрақ: қай алма үлкен? Оны анықтау үшін беттестіру әдісін қолданамыз»
Тәрбиеші: -Ендеше балалар, сары алма мен қызыл алманы бір-бірімен беттестіріп, қай алма үлкен екенін анықтайық. Болсаңдар, дұрыс жауапты тыңдайық.
Күн: «Дұрыс айтасыңдар, сары түсті алма үлкен, қызыл түсті алма-кішкентай».
3-видео
3-тапсырма: «Ұзын-қысқа»
Күн: «Фея сендерге екі шар салып берді. Суретке қарап айтшы, қай шардың жібі ұзын?»
Тәрбиеші: Балалар, сендердің алдарыңда шарлар бар. Шардың жіптеріне қараңдаршы, олардың жіптері әр түрлі. Қай шардың жібі ұзын екенін жолақшалар арқылы анықтайық. Ол үшін тиісті жолақшаларды шардың жанына орналастырыңдар. Болсаңдар, енді тексерейік, мұқият тыңдаңдар.
Күн: «Дұрыс, жасыл түсті шардың жібі ұзын, анықтап көрейік. Мынау-қызыл түсті шардың ұзындығы, ал мынау-жасыл түсті шардың ұзындығы. Бұдан біз жасыл түсті шардың жібі ұзын екенін көріп тұрмыз, ал қызыл түсті шардың жібі қысқа».
Сергіту сәті Тербеледі ағаштар,
Алдымнан жел еседі.
Кіп кішкентай ағаштар
Үлкен болып өседі.
4-видео
4-тапсырма: «Биік-аласа»
Күн: «Фея бізге екі үй салып берді, қоңыр үй және жасыл үй. Сұрақ: Қандай түсті үй биік? Анықтап көрейік. Мынау-қоңыр түсті үйдің биіктігі, ал мынау-жасыл түсті үйдің биіктігі.»
Тәрбиеші: -Ал, біз жолақшаларды үйдің жанына қойып салыстырайық. Қай үй биік болды? Тыңдап көрейік.
Күн: «Әрине, жасыл түсті үй-биік, ал қоңыр түсті үй-аласа».
5-видео көрсетіледі
5-тапсырма: «Көп-аз»
Күн: «Бұл суретте Фея ұл бала мен қыз баланың суретін салды. Әрқайсысының қолында шарлары бар. Суретке қарап айтшы, кімнің қолында шар көп? Қыздың ба, әлде ұлдың ба? (балалардың жауаптары тыңдалады)
-Әрине, ұлдың қолында шар көп. Жарайсыңдар ,балалар!
-Өте жақсы, балалар. Сендердің білімдерің маған ұнады. Сабаққа жақсы қатыстыңдар, өте ақылды балалар екенсіңдер.
Қорытынды.
-Ал сендерге бүгінгі оқу қызметі ұнады ма? -Бүгінгі сабақта біз қандай жұмыстар жасадық? (балалардың жауаптары)
-Қандай тапсырма сендерге ұнады?
-Қандай тапсырманы орындағанда қиналдыңдар?
Рефлексия.
-Бүгінгі алған әсерлеріңді мына жерде жатқан смайликтер арқылы белгілесеңдер болады. Рахмет сендерге.